Қостанай облысында қоғамдық тәртіп қалпына келді – Полиция департаментінің басшысы

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетов журнлалистерге арналған брифингіде Қостанай облысындағы ахуал туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі тәуліктер ішінде Қостанай облысында қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді. Бұл уақыт ішінде полиция қызметкерлері өңірдегі ахуалды тұрақсыздандыруға талпынған топтасқан адамдардың заңға қайшы әрекеттерінің жолын кесті.

«Дәл қазір облыста тұрақты жағдай сақталуда. Қоғамдық тәртіп 6 қаңтарға қараған түнде қалпына келтірілді. Топтасқан адамдардың заңға қайшы әрекеттерінің салдарынан бір полиция қызметкері зардап шекті. Оқиға орнын қарау кезінде жанғыш сұйықтық құйылған құтылар тәркіленді. Оның үстіне бір азаматтан травматикалық тапанша тәркіленді», - деп мәлім етті Бекет Аймағамбетов.

Қазір облыста төтенше жағдай жарияланған, қоғамдық тәртіп күзеті күшейтілген. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бөлімшелеріне 245 адам жеткізілді. Оның ішінде 35 адам бірден босатылды. Босатылғандардың арасында кәмелетке толмағандар мен әйелдер бар. Қазіргі таңда заңға қайшы әрекеттерді құжатқа қаттау жұмыстары жүріп жатыр.

Облыстың комендатурасы өңір тұрғындарын сабыр сақтап, арандатқан үндеулерге ермеуге, төтенше жағдай кезеңінде қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар