Қостанай облысында қарсақ пен түлкі атқан браконьер ұсталды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Браконьер» жедел алдын алу шарасы аясында қарсақ және түлкіні заңсыз атып алған 64 жастағы қостанайлық ұсталды. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Браконьер» жедел алдын алу шарасы шеңберінде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Науырзым ауданының аумағында заңсыз аң аулау фактісін анықтады. Рейд барысында Буревестник ауылында жануарларды заңсыз атты деген күдікпен 64 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Полицейлер одан борсықтың 12 терісін, түлкінің 5 терісін және қарсақтың 1 терісін тәркіледі. Күдіктіден аңшылық мылтық пен оқ-дәрілер де табылды. Ер адам осы күзде аудан аумағында жабайы аңдарды аулағанын, аң аулауға құжаттары жоқ екенін және қарудың тіркелмегенін айтты», - деп мәлімдеді жергілікті департаменттің баспасөз қызметінен.

Полиция ақпаратына сәйкес, аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қостанай облысы аумағындағы сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар жануарларды аулаудың 1 фактісі тіркелген. Сонымен қоса, 20 қазаннан бері 88 аңшы мен балықшы әкімшілік жауапқа тартылған.


Соңғы жаңалықтар