Қостанай облысында іскерлік журналистика мәселелері талқыланды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «БАҚ қоғаммен тиімді диалог құралы ретінде» атты журналистер семинары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған семинарға облыстың аудан-қалаларынан қырыққа жуық журналист қатысты. Семинар басында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова астаналық журналистерге алғыс айтып, мұндай сұхбат алаңының өңірлік журналистерге тигізер пайдасы орасан екенін атап өтті.

Семинар барысында екі секция жұмыс істеді. Орыстілді БАҚ өкілдерімен «Хабар» арнасындағы «Qoǵamdyq talqylaý» бағдарламасының авторы Саят Жөкенұлы ой бөлісті. Онда қазіргі журналистикаға қойылатын талаптар, сапалы контент-мейкинг туралы сөз болды. Ал қазақтілді журналистерге «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ бөлім меңгерушісі Арнұр Асқаров семинар өткізді. Ол қазақ баспасөзіндегі іскерлік журналистика, оның бағыт-бағдары, экономика, мұнай, қаржы тақырыптарына сараптамалық мақала жазу мәселесі және дата-журналистика төңірегінде ой өрбітіп, деректерді сөйлету, оны оқырманға ұғынықты жеткізу жолдары, қазақ баспасөзінде жиі көтерілетін тақырыптар жөнінде әңгімеледі.

«Келген мақсатымыз – жергілікті журналистермен әңгімелесіп, пікірлесіп, шамамыз жеткенше өз білген-түйгенімізді үйретсек деген ой. Бұл жерден де алатын, үйренетін тәжірибе бар деп ойлаймын. Экономика - қазақ баспасөзіндегі аз жазылатын, көбіне ат үсті жазылатын тақырыптардың бірі. Бұл енді іскерлік журналистика ғой. Жергілікті БАҚ өкілдерінің осы тақырыпты барынша тереңдетіп, талдап, сараптап жазуына шама жеткенше үлесімізді қоссақ дейміз. Бүгінде қазақ баспасөзінде экономика саласына қатысты сараптамалық мақала жаза алатын журналистер аса көп емес. Оның бірінші себебі - журфактағы студенттерге салалық журналистика оқытылмайды. Салалық журналистикадағы экономика, қаржы тақырыбын жетік меңгермеген адамның күнделікті жұмыс барысында бірден терең сараптама жазып кетуі өте қиын», – дейді Арнұр Асқаров.

Сарапшының сөзінше, қазір түрлі курстар, семинар-тренингтер бар. Іскерлік журналистика өкілдеріне арналған түрлі гранттар да жетерлік. Оған елдегі ірі банктер мен үлкен қорлардың өздері грант бөліп жатады. Түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Бұл бірте-бірте іскерлік журналистикаға деген қызығушылықты арттырады

Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақованың айтуынша, алдағы уақытта журналист біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар