Қостанай облысында ірі орман өртін үш күн бойы сөндірді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында өрт сөндірушілер ірі орман өртін үш күн сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«10 шілде күні сағат 12:50-де Қостанай ауданындағы «Пригородное» орман шаруашылығы басқармасының аумағында, Тобыл қаласынан 30 шақырым жерде ірі орман өрті сөндірілді. Өрт 8 шілде күні сағат 10:40-та басталған. Қураған шөп, қарағай мен қайың өртенді. Жалынмен күресті екпінді жел мен ыстық күн райы қиындатты», - деп хабарлады ведомстводан.

Жалынмен күреске ТЖД күш-құралдары, жергілікті атқарушы органдар және полицейлер жұмылдырылған.

«Орман сілемін қорғау мақсатында «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды. Құтқарушы тікұшақ әуеден 60 рет су шашты, шашылған судың көлемі 200-ге жуық тоннаны құраған. Алдын ала есеп бойынша, жалын 300 га жерді шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп қосып өтті ТЖД-дан.

Жалынмен күрес 9 шілде күнгі сағат 21:00-де жарияланып, келесі күні түске қарай толық сөндірілді.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Орман өртімен күресте 315 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай қаласының маңында ірі орман өрті сөндіріліп жатқаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар