Қостанай облысында ет комбинаты құрылысы басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Өңір басшысы бұл туралы Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағындағы «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС компаниясы заманауи ет комбинаты кешенінің құрылысын бастады. Кәсіпорын жылына 110 мың бас ірі қара малы және 132 мың бас ұсақ малдың етін өндеуге қауқарлы.

«Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеке және тартылған қаражат есебінен жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны – 5,3 млрд теңге. Мүдделі мемлекеттік органдарға осы жобаны іске асыруда барынша қолдау көрсетіп, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары негізінде жетіспейтін өндірістік инфрақұрылымды жүргізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырдым», - деп жазды облыс басшысы Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов «Қарасу ет» ЖШС ет өңдеу кешенінің өндірісімен танысты. Кәсіпорын етті қайта өңдеумен және шұжық өнімдерін дайындаумен айналысады. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 5000 тонна ет. Архимед Мұхамбетов облыстағы ет экспорты көлемін 6 мың тоннаға жеткізу керектігіне тоқталды. Бұл тұрғыда өңірдегі тауар өндірушілердің қарқыны көңіл қуантады. Айта кету керек, 2015 жылы Қостанай облысы шет елдерге небәрі 190 тонна ет жөнелткен.

Соңғы жаңалықтар