Қостанай облысында ерікті вакциналау 31 емханада жүргізіледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакциналауға дайындық жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігі жанындағы жедел штабқа сілтеме жасап.

Вакцина жүргізуге барлығы 31 медициналық мекеме жұмылдырылады. Оның ішінде 26 мемлекеттік, 5 жекеменшік емхана бар. Мектеп-интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық түрдегі балалар мекемелері үшін әрбір емхананың жанынан бір-бірден жылжымалы егу бригадасы ашылады. Бұларды қосқанда аймақта жалпы саны 93 стационарлық және жылжымалы егу пункттері жұмыс істейтін болады. Вакцинация пункттерін 150-ге дейін кеңейтуге мүмкіндік бар.

«Вакциналау кезінде қабылдау, тасымалдау және ұйымдастыру шараларына жұмылдырылатын 160 маман алдын ала арнайы оқу курстарынан өтті. Сонымен қатар, вакцина жүргізетін емдеу мекемелеріне сақтау температурасы -20 градусқа дейін және одан да төмен 120 мұздатқыш құрылғы сатып алынады. Бұл бір мезгілде вакцинаның 73 мың дозасын салуға мүмкіндік береді. Тоңазытқыштардың алғашқы легі осы аптада әкелінеді», делінген штаб хабарламасында.

Өңірде Қостанай қаласынан шалғай ауылдарға вакцина тасымалдайтын авторефрижератор және суық сақтағыш қабілеті бар 100 термоконтейнер сатып алынады. Бүгінде облыста 2-50 литрлік 817 термоконтейнер бар. Қолда бар мұздатқыш жабдықтардың өзі қазірдің өзінде 8,8 мың доза вакцинация егуге мүмкіндік береді.

«Вакцина алдымен инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмек қызметкерлерінің, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің, стационарлардағы қабылдау бөлмелері мен санэпидқызметтің мамандарына егіледі», - дейді штаб өкілдері.


Соңғы жаңалықтар