Қостанай облысында Ерік Асанбаевқа ескерткіш қойылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Әулиекөл ауданының орталығында белгілі мемлекет қайраткері, еліміздің тұңғыш вице-президенті Ерік Асанбаевқа орнатылған ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатына аудан басшылары, Ерік Асанбаевтың замандастары, туыстары қатысты. Мүсін Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан.Өңірге белгілі дәрігер Ысқақ Есіргеповтің сөзінше, Ерік Асанбаевтың әкесі Мағзұм «халық жауы» деген айыппен атылып кетіпті. Ал жақын туысы Мырзағазы Есболұлы Алаш ардақтыларымен үзеңгілес жүрген, қазақ елі үшін нағыз күрескер болған. Ол да 30-жылдардың қуғын-сүргінінен тыс қалмады, жазықсыз атылған.


«Ерік Асанбаев өте білімді, талапшыл кісі еді. «Халық жауының» ұлы, туысы ретінде де көп сыры іште болды. Тәуелсіздігімізді алғанда ерекше қуанышпен, жігермен оның іргетасын бекітуге бар білімін, күшін сарқа еңбек етті. Ерік Асанбаев 20 жылға жуық Қазақ КСР министрлер кеңесі мен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің аппаратында жұмыс істеді. 1988-1989 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың орынбасары ретінде абыройлы қызмет етті», – деп еске алды ол. Ерік Асанбаев 1936 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1991 жылдың сәуір–қазанында Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1991–1996 жылы ҚР вице-президенті, 1994–1996 жылы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. 1996 жылы ақпаннан ҚР-ның ГФР-дегі Төтенше және өкілетті елшісі болған. Бұл қызметте жүргенде Берлин қаласында Абайға көше атын беруге көп еңбек сіңірген. Айта кетейік, Ерік Асанбаевқа ескерткіш-мүсінді оның балалары Мақсұт пен Мирас өз қаражаттарына орнатты.


Соңғы жаңалықтар