Қостанай облысында экотуризм қалай дамытылмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысын туристік дестинация ретінде дамыту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен жиында Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің облысымыз Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан немесе Оңтүстік Қазақстан облыстары сияқты табиғи ресурстарға бай болмаса да, туризм бағыттарын дамытудың алғышарттарын құрды. Мәселен, Наурызым қорығының, Қарабалық қорықшасының, «Алтын дала» резерваты табиғатының әр алуандығы экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірде 300-ге жуық шағын көл мен 5 мыңнан астам өзен, 103 аң шаруашылығы мен 128 балық аулауды пайдалану айдындары тіркелген», - деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Облыста туристік қызмет көрсететін 85 субъект, оның ішінде 16 туроператор және 69 турагент бар. Алайда, өңірде ішкі туризмді дамытатын жалғыз туроператор жұмыс істейді. Ол - «BESTkz» ЖШС.  Серіктестік Қостанай облысы бойынша 27 туристік пакет әзірледі. Былтыр аталған туристік пакетті 1 мыңға жуық турист пайдаланды.

«Қостанай облысындағы ішкі туризм түрлерін 2022 жылға дейін дамытудың негізгі жоспары дайындалды. Сондай-ақ Қостанай облысын туристік дестинация ретінде дамыту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Нәтижесінде аймақтағы туристік кластерлік учаскелер анықталды. Оның ішінде экологиялық, мәдени-танымдық, емдік-сауықтыру, аңшылық трофейлік орындар тізімі жасалды», - деді И.Құдабеков.

Ағымдағы жылы негізгі жоспар шеңберінде 25 іс-шара көзделген, оларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 43 млн теңгеге жуық қаражат қажет. Белгілі болғандай, Меңдіқара ауданында «Каменскуральское» демалыс базасын, Амангелді, Жанкелдин, Қамысты аудандарында аң аулау үйлерін, Қостанай ауданында «Хатико» туристік сауықтыру кешенін құруға инвесторларды тарту бойынша бастамалар бар.

Соңғы жаңалықтар