Қостанай облысында екі сүт фермасы іске қосылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша Қостанай облысында екі сүт-тауарлы ферма жұмысын бастады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында 33 шаруашылық сүт өндірісімен айналысады. Оның ішінде 10 ірі сүт-тауар фермасы тіркелген. Енді бұлардың саны тағы екеуге көбейіп отыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлерге берген тапсырмасын орындау мақсатында Федоров (100 басқа арналған «Бүркіт» ЖШС) және Жітіқара (80 басқа арналған «Шаденов» ШҚ) аудандарында 2 сүт-тауарлы фермасы жұмысын бастады. Бұған қоса Қостанай ауданында сүт-тауар фермасының жұмыс ауқымы кеңейтілді. Осылайша министрліктің тапсырмасын толықтай орындай алдық. Сүт-тауар бағытындағы шаруашылықтардың қаржылық жағдайы тұрақты», - дейді басқарма басшысы.

Өңірде сүт өндіретін серіктестіктерді қолдауға басымдық берілген. Мәселен, осы жылы бір ғана «Милх» сүт зауытына 728 млн теңге субсидия бөлінді.

Кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыс істейді. Жылына 7,4 мың тонна сүт өнімін нарыққа шығарады.

Тимур Бисимбаев айтқандай, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және Аграрлық несие корпорациясы жыл сайын «Сыбаға» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша жеңілдікпен кредит береді ұсынады.

Қостанайлық кәсіпкерлер пандемияға қарамастан несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр.


Соңғы жаңалықтар