Қостанай облысында егілген астықтың жартысына жуығы жиналды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 1 млн 700 мың тонна астық дақылдары қамбаға құйылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста егін орағы қызу жүріп жатыр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда егіннің 43%-дан астамы. Бұл 1 млн 700 мың тонна астық қамбаға құйылды деген сөз. Мамандардың айтуынша, диқандар алдын-ала белгіленген жоспардан сәл кешеуілдеп келеді. Былтыр осы кезеңде 1,5 млн гектардың егіні орылып, бастырылған.  Астықтың орташа шығымы гектарына 9,5 центнерден айналады. Нан сақтау орындарына 118 мың тонна бидай жеткізілді.

«Өткен апталардағы жауған жаңбырдан кейін шаруалар енді ғана орақ науқанына бел шешіп кірісті. Былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, еңбек өнімділігі жөнінен қалып тұрмыз. Дегенмен, жекелеген аудандарда   күндік норма жетіңкіремей тұр.Мәселен, диқандар тәулігіне 250 мың гектар алқаптың астығын ору керек болса, әзірге бұл көрсеткіш 50-80 мыңнан әрі аспай тұр. Қазір жұмыскерлер егін алқабында күні-түні жұмыс істеп жатыр»,-дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.

Бүгінде өңірдің оңтүстігіндегі Жанкелдин ауданында орақ науқаны бітуге жақын.  Аманкелді ауданы да науқанның бел ортасынан асты. Таран ауданында барлық егіннің 43 проценті жиналды. Облыстың солтүстік өңірлері ораққа енді кірісті. Күн райының қолайсыздығы шаруаларды бірақ тығырыққа тіреді.  Сынап бағанасының төмендігі астық сапасына едәуір әсер етуі мүмкін.  Синоптиктердің болжауынша, алдағы апталарда күн жылынады.

Ал жиын-терімді шашпай-төкпей жинап алу үшін кемі екі жеті уақыт керек деп отыр қостанайлық диқандар. Айта кетейік, былтыр астық жинау науқаны 1 қазанда аяқталған-ды.

Соңғы жаңалықтар