Қостанай облысында браконьер 4 киікті атып, мүйізін кесіп алған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -  Қостанайда заңсыз киік атқан тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Браконьерлер Жангелдин ауданының Борлы елді мекенінде 3,5-5 жылдық 4 киік аталығын заңсыз атқан. Олар өлтірілген жануарлардың мүйіздерін кесіп алған.

«Жангелдин аудандық сотымен қылмыстық іс келісімді іс жүргізуде қаралды, ол бойынша азамат Ж. ҚР ҚК-нің 337, 339 бабы бойынша кінәлі деп танылды. Жаза өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, жыл сайын 100 сағатқа жергілікті атқарушы органмен белгіленген орындарда мәжбүрлі еңбекке тартылады.Аңшылық қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жаза тағайындау кезінде сот Ж.-ның асырауында төрт жас баланың болуы, сондай-ақ бұрын сотталмағанын ескерді», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.

Бұған қоса, сотталушы ҚР жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін мемлекет пайдасына 14 430 000 теңге айыппұл төледі.

Сот үкімімен қылмыстық іс бойынша «Toyota 4runner» маркалы автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Ал «ИЖ-18Е» моделді 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығын жою шешімі қабылданды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салу енгізілгенін еске салады.

Соңғы жаңалықтар