Қостанай облысында биыл 4 млн гектардан дәнді дақыл жиналады

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысы дақылдарды әртараптандыру бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысына Қостанай облысындағы егін жинау жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша дәнді дақылдар 4 млн 51 мың гектардан жиналады. Сонымен қатар дақылдарды әртараптандыруда жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді

«Майлы дақылдар 640,5 мың гектарға егілді, бұл өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Соңғы 4 жылда әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар алқабы 289,1 мың гектарға ұлғайтылды. 10 тамыздан бастап шаруашылықтар егін жинауға кірісті, бүгінгі күні 591,4 мың гектар алқапта дәнді дақылдар бастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 29,3 млрд теңге алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 22,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 3,2 млрд теңге қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша алынды», - деді облыс басшысы.

Архимед Мұхамбетов айтқандай, Қостанайда егін жинау жұмыстарына 9,1 мың комбайн жұмылдырылған. Облыс тауар өндірушілерінің техникалық жарақтандырылуын ұлғайтуға «АгромашХолдинг КZ» акционерлік қоғамы айтарлықтай қолдау көрсетуде. 2019-2020 жылдары кәсіпорын 445 «Есіл» комбайнын жасап шығарған.

«Тауар өндірушілер жанар-жағар маймен қамтамасыз етілген, қор көлемі жеткілікті. Өнім сыйымдылығы 8,2 млн тоннаға арналған орындарда сақталады. Жалпы, барлық жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде, сұрақтарымыз жоқ», - деп түйді аймақ әкімі.


Соңғы жаңалықтар