Қостанай облысында бір мыңнан астам жұмыс орны ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 1 049 жұмыс орны құрылды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде өткен кеңес барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы сөз етілді. Бүгінде бағдарламаның орындалуы қуантарлық. Пандемия уақытына қарамастан жоспарланған 275 жобаның 99-ы іске асырыла бастады.

«1 049 жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 576 адам жұмысқа тұрған. Жалпы жұмыспен қамту жол картасы аясында шамамен 13,5 мың жұмыс орны ашылады. Әлеуметтік-мәдени сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілерін жөндеу, салу, қайта жаңарту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жобаларды іске асыру көзделеді», - деп жазды аймақ әкімі.

Басқосуда 2020 жылдың 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары да қаралды. Жыл басынан бері өңірде барлық макроэкономикалық көрсеткіштің өсуі байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 15,4%, ауыл шаруашылығы 2,3%, инвестициялар 8,5%, құрылыс жұмыстары 6,8%, тұрғын үй пайдалануға беру 3,1%-ға ұлғайған.

«Кейбір саладағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі баяу. Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтады. Оған коронавирус пандемиясы әсер еткенін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта олардың жұмыс тәртібі біртіндеп қалпына келтірілуде, гранттар, субсидиялар, шағын несие беру түрінде жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі», - деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Облыс басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар