Қостанай облысында балықшылар қар құрсауында қалып қойды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында қар құрсауында қалып қойған балықшылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, оқиға 14 ақпан күні Қарасу ауданындағы Қойбағар көлінің маңында болған. ТЖД кезекші бөліміне балықшылар хабарласып, Volkswagen Pаssat маркалы жеңіл автокөлігі қар құрсауында қалып қойғанын айтқан.

«Оқиға орнына жоғары өтімді «ГАЗ-66» автокөлігімен Қостанай облысы ТЖД бөлімшесінің құтқарушылары жұмылдырылды. Үш балықшы мінген көлік айдыннан бірнеше шақырым жүріп өткеннен кейін, сағат кешкі жетілер шамасында тұрып қалған. Құтқарушылар оларды Қойбағар көлінен 5 шақырым жерде орналасқан Восток ауылына дейін жеткізді. Восток ауылына келе жатып, құтқарушылар жол бойындағы 4 жеңіл автокөлікті қар құрсауынан босатты. Барлығы 11 адам құтқарылды», - дейді ТЖД-ның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды метеорологиялық мәліметтерді бақылауға, ауа райының нашарлауы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар