Қостанай облысында азық-түлік бағасы қымбаттады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дей тұрғанмен, қыркүйек айының басында азық-түліктің бағасы 0,2%-ға кеміген. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов айтты.

«Азық-түлік бағасы өсті. Сондай-ақ қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі кезде кейбір өнімдер: ұн- 7,5%, қарақұмық -11,2%, сұйық май - 12,9%, қант -2%,жұмыртқа 33,4%-ға кеміді»,- деп мәлім етті басқарма басшысы.

Қостанай дүкендерінде сиыр еті - 18,5%, картоп -13%, тауық еті - 11,3%, жуа - 31,6%, күріш 5,9%-ға қымбаттап отыр. 

«Өңірде жемшөп құны шарықтап кетті. Тиісінше, сиыр етінің де бағасы соншалықты артты. Оған қоса елдің басқа облыстарына экспортқа шығарып отырмыз. Ал картопқа деген сұраныс жоғары. Сол себепті өнім өндірушілер бағаны тұрақты ұстап отырған жоқ. Мұның сыртында жыл басынан бері Өзбекстанға 2400 тонна, Ресейге 71 мың тонна картоп өткізілді», - деп түсіндірді Әбдікәрімов.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, қазір картоптың келісі - 87 теңге. Ал сәбіз 105 теңге болса, қырыққабат 53 теңгені құрайды. Қанттың бағасы тұрақты - 214 теңге.

Жиынды қорытындылаған Архимед Мұхамбетов аудан, қалалардың әкімдеріне азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға тапсырма берді. Оның сөзінше, бүгінде әлеуметтік маңызды өнімдер қорын арттыру үшін облыста 682 меморандумға қол қойылған. Енді осы келісімдердің негізінде қараша-сәуір айлары аралығында әлеуметтік маңызды өнімдердің бағасын қалыпқа келтіру керек.

Соңғы жаңалықтар