Қостанай облысында ауыр атлетика алаңы ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы И.Сьянов атындағы орта мектепте ауыр атлетика залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты рәсімге Әулиекөл ауданы әкімі Ерлан Теменов, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев және Қостанай облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Махмут Тұрсынов қатысты.

«Ауыр атлетика залының ашылуы біздің өңіріміз үшін ғана емес, облыс үшін айтулы жаңалық. Соңғы жылдары спорт инфрақұрылымына айрықша мән беріліп отыр. Заманауи үлгідегі спорт жабдықтары алынды. Жергілікті әкімдік қолдауымен ашылған бұл алаңнан әлем чемпиондары, талай спорт шеберлері шығады деп сенемін. Өйткені, біздің бапкерлер құрамы республикаға танымал зілтеміршілерді баптаған. Жаңа нысан тың нәтиже, толайым табыс әкелсін», - деді аудан әкімі Ерлан Теменов. Федерация президенті Махмут Тұрсынов спорт нысанына жақын күндері жаңа зілтемір сыйлауға уәде берді.

Салтанатты шара барысында, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев ауыр атлетикадан жаттықтырушы Евгений Крупскийге және оның оқушысы республикалық жəне облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Александр Тринькоға құрмет грамоталарын табыс етті. 8-сынып оқушысы Егор Левченконың айтуынша, жас спортшылар жаңа ауыр атлетика залының ашылуын көптен күткен. «Біздің ауданда облыс орталығындағыдай жаттығу залы пайда болды. Өзім бір жарым жыл ауыр атлетикамен айналысып, спорт мектебіне барып жүргенмін. Енді, алысқа бармай-ақ дайындалуға болады», - дейді Егор Левченко.

Соңғы жаңалықтар