Қостанай облысында ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі талқыланды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығын субсидиямен қамту, олардың қолжетімділігі мен тиімділігі Қостанай қаласында өткен дөңгелек үстел отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан коммунистік халық партиясының Қостанай облыстық комитеті ұйымдастырған жиынға әкімдік өкілдері, партия мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Басты тақырып – ауыл шаруашылығын дамыту үшін бөлінетін субсидияға қол жеткізу және олардың тиімді бөлінуі.

«Субсидиялар ең алдымен тоқырау алдында тұрған шаруашылықтарды қолдауға арналған қаржы жүйесі саналады. Ол шаруашылықтың банкротқа ұшырап кетпеуі үшін бөлінеді. Біз субсидиялардың салық төлеушілердің қаражаты екенін еске саламыз, демек біз оның тиімділігі қандай екенін білуіміз керек. АӨК-ке 260 млрд теңге қарастырылды. Алайда бұл қаржыны нақты кімнің, қалай алғаны белгісіз», - дейді ҚКХП облыстық комитетінің екінші хатшысы Владимир Скуридин.

Расымен де, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені арқылы кәсіпкерлікті қолдау бойынша тиісті жағдайлар жасалуда. Басым бағыттарды субсидиялау, жеңілдікті несиелер және лизингпен қамтамасыз ету, АӨК субъектілері үшін салық салудың арнайы режимдерін енгізу жобалары бекітілген.

Дей тұрғанмен, АӨК дамыту үшін берілетін субсидиялар ауқымды шаруашылықтарға беріліп, шағын бизнес субьектілеріне жетпей қалып жатады. Мәселен, өңірдегі «Олжа Агро» ЖШС гербицидтер бойынша 2020 жылы 150 млн теңге субсидия алған.

Қостанай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сартов қатысушыларға агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау ірі шаруашылықтарды ғана емес, шағын және орта бизнес нысандарын қолдауға бағытталатынын айтты.

– Бұл ретте бәрі ашық өтеді. Өтінім «Қолдау» жүйесі арқылы беріледі. Субсидия алушыларды ақпараттық жүйе автоматты түрде анықтайды. Сондықтан жеңілдіктер барлығына бірдей қарастырылған. Сайт арқылы «бармақ басты, көз қыстының» болуы мүмкін емес, - деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Мұрат Дощанов.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша коммунистер АӨК-ті мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау үшін депутаттық фракцияға жүгінуге ниетті, бұл ретте басты критерий - субсидияның тиімділігі болмақ.

Айта кетейік, жергілікті деңгейде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша кәсіпорындарға 25%-ына дейін инвестициялық субсидия ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар