Қостанай облысында Армениядан әкелінген 135 көлік тіркелді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында Армениядан әкелінген автокөлік құралдарын тіркеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде өңірде 130-дан астам автокөлік тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Үкімет қаулысына сәйкес 2020 жылдың 1 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін Армения Республикасынан әкелінген көлік құралдарын тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

Қостанай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Андрей Григоревскийдің айтуынша, жыл басынан бері аймаққа Армениядан 763 автокөлік жеткізілген.

«Армениядан әкелінген көліктердің басым бөлігі Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Әулиекөл аудандарына тиесілі. Бүгінгі таңда автокөлік иелерімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 135 машина тіркелді. Мамандандырылған ХҚО-да тіркелу процесі небәрі 15-20 минут уақытты алады. Көлік құралдарының иелері тек үш төлем жасауы керек: тіркеу үшін алым, техникалық паспорт үшін баж және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі үшін баж салығы. Осылайша, уақытша есепке алу үшін төлем сомасы 11 946 теңгені құрайды», - деп атап өтті Андрей Григоревский.

Техникалық паспорт және Арменияның мемлекеттік нөмірлік белгісі оның иесі талап еткенге дейін ХҚО-да сақталады. Яғни кез келген уақытта көлік иесі, егер оны сатқысы келсе немесе елден шығарғысы келсе, жаңа нөмірді қайтарып, бұрынғысын ала алады.

Егер аталған көлік құралдары 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті тіркеуден өтпесе, көлік иесіне қатысты әкімшілік кодекстің 590-бабымен шара қолданылады.

Соңғы жаңалықтар