Қостанай облысында алып қойлар өсірілмек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында «Бастау Бизнес» жобасы қарқынды жүзеге асуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста «Бастау Бизнес» жобасы бойынша өтінім берген 779 адамның 180-і қазірдің өзінде кәсібін қолға алды. Бизнес-стратегиялар ірі қара өсіруді, қой мен ешкі баптауды, сүт өндірісін құруды және бордақылау алаңдарын салуды көздейді. Ал Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бұларға ерекше назар аударып отыр.  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Роберт Юсуповтің айтуынша, құрылыс материалдарының өндірісі, жүк тасымалы сияқты басқа да ауқымды жобалар бар.

Комиссия мүшелерінің назары жас кәсіпкер Қайрат Әубәкіровтің  жобасына бірден түскен.

Кәсіпкер Әулиекөл ауданында асыл тұқымды дорпер қойларын инновациялық жолмен көбейтіп, таратуды қолға алмақшы. Ол үшін "Атамекен" микроқаржы ұйымынан 2,5 млн теңге несие алуға ниетті. «Бастау Бизнес» жобасының қатысушысы қазірдің өзінде жайылымдық алқаптарды тауып қойған.

«Австралияның дорпер тұқымды қойлары етті келеді. Ол екі-үш күн су ішпей жүре береді. Терісіне құрт жоламайды, жүні өзі түсіп қалады. Қойдың салмағы - 140 келі. Аптап ыстықта да, отыз градустық аязда да шыдамды түлік шөпті көп жемейді. Шаруаға керегі осы. Егер менің жобам қабылданса, дорпер тұқымды 20-30 бас қойды сатып аламын», - деді Қайрат Әубәкіров.

Соңғы жаңалықтар