Қостанай облысында 90 мың адам вакцина қабылдайды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында 365 дәрігерге ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілді. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстың бас санитария дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші кезекте вакцина инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, санэпидқызметтің, медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының қызметкерлеріне егіледі. Содан кейін мұғалімдер, учаскелік полиция қызметкерлері, студенттерге салынады.

«Қазір 18 жасқа толмаған және 65 жастан асқан тұрғындарға вакцина салынбайды. Мұның «Спутник V» вакцинасының сапасына еш қатысы жоқ. Статистикалық мәліметтердің аздығынан осындай ұйғарымға келіп отырмыз. Статистиканы талдауға бірнеше ай уақыт кетеді, тек содан кейін ғана балалар мен егде тартқан азаматтарға вакцина егу туралы шешім қабылданады. Ресейден 1200 вакцина әкелінді, олар таусылған соң «Қарағанды фармацевтік кешені» шығарған «Гам-КОВИД-Вак» пен БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми институтының «QazCovid» вакцинасы пайдаланылады», - дейді бас санитар.

Санэпидқызметтің мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін өңірдің 90 мыңнан астам тұрғыны екпе алуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар