Қостанай облысында 7 мың жұмыс орны ашылады – Архимед Мұхамбетов

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстық қоғамдық кеңес алдында есеп беру жиынын өткізді. Ол 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына шолу жасап, осы жылға құрылған жоспарлармен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс басшысы өткен жылы жүзеге асырылған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша қоғамдық кеңеске ақпарат берді.

«2019 жылы өнеркәсіп өндірісі 15,3%-ға, құрылыс жұмыстары 6,6%-ға ұлғайды. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша республикада үздік үштікке ендік. Сыртқы сауда айналымына да былтырғыдан 13,2%-ға артық тауар тартылды. Былтырғы құрғақшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы өнімінің көлем индексі азайды. Осыған қарамастан, жыл қорытындысы бойынша экономика өсімі 3 процентке өсті», - деп мәлім етті облыс әкімі.

Қостанай облысында индустрияландыру бағдарламасы сәтті жалғасып келеді. Әсіресе, машина құрастыру, металлургия, тамақ өнімдерін өндіру салалары айтарлықтай өскен. Қазіргі уақытта 1,5 трлн теңге болатын 37 инвестициялық жоба әзірленуде, шамамен 7 мың жұмыс орны ашылмақ.

«Автомобиль құрастыру саласында ілгерілеу басым. 2019 жылы 25,8 мың автомобиль құрастырылды. Өсім 2 есе артық. Биыл 50 мыңнан астам автомобиль шығару жоспарда бар. Оның 8 мыңы экспортқа өтеді. Америкалық «Chevrolet» компаниясының бірқатар модельдерін өндіру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру саласында да жетістік жетерлік. «Кировец» пен «Ловол» тракторларының өндірісі іске қосылды. Таяу жылдары жергіліктендіру деңгейін 50%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр», - деді Архимед Мұхамбетов.

Аймақ әкімі қоғамдық кеңес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, жас мамандарды тарту, газдандыру, тұрғын үй құрылысы бағытында сауалдар қойылды. Ал шаруалардың алаңдаушылығын туғызған егін жайы, субсидия мәселесі тиісті министрлікпен бірге шешіледі.


Соңғы жаңалықтар