Қостанай облысында 600 шақырым жол жөнделеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 2020 жылы 606 шақырым жол қалпына келтіріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде облыстық және аудандық маңызға ие 7 879 шақырым көлік жолы бар. Оның 69%-і қалыпты жағдайда. Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұловтың сөзінше, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 514 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өткен. Жұмсалған қаржы көлемі – 14,5 млрд теңге. 2 шақырым жол толығымен жаңартылса, 4 шақырымға күрделі жөндеу жүргізілген.

«Барлығы 508 шақырым көлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге дейін облыс көлемінде 40 жол телімі жөндеуден өткен. Олардың ішінде «Арқалық – Торғай», «Лисаков – Қайыңдыкөл – Краснооктябрь» сияқты облыстық маңызы бар жолдармен қатар, аудандық маңызға ие 13 жол телімі бар. Қарабалық және Қостанай аудандары құрылыс-монтаж жұмыстарын жоспардан әлдеқайда ертерек аяқтағанын айта кету қажет. Ал Федоров ауданында жұмыс өнбей тұр. Бұл аудан жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының 72%-ін ғана игерген», - деді басқарма басшысы.

Жиында көлік жолдарын жөндеу жұмыстарына кейбір карьерлердің салғырт қарайтыны айтылды. Федоров, Қарабалық аудандарындағы жол жөндеп жатқан мердігерлерге жеткілікті мөлшерде қиыршықтас жеткізе алмаған «Надеждин» карьерімен жасалған келісімшартты қайта қарау туралы мәселе көтерілді. Бақытбек Есенғұлов айтқандай, 2020 жылы облыста 606 шақырым автокөлік жолы қалпына келтіріледі. Бұл мақсатта 10,3 млрд теңге жұмсалмақ.



Соңғы жаңалықтар