Қостанай облысында 6 мың көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды несиелендіру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова айтқандай, бағдарлама аясында 1 шілдеден бастап 6192 адам тұрғын үйге өтініш білдірді. Олардың 968-і – көпбалалы отбасы.

«Тұрғын үйге өтінім жазған 402 отбасы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отыр. Биыл аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға 1, 8 млрд теңге қарастырылған. Құжаттарды қабылдау 22 шілдеден басталды. Бұл бағдарламаға қатысу үшін жергілікті әкімдік арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жолдама алу қажет», - деді Гүлнәр Әбенова.

Бүгінде Қостанай қаласында аз қамтылған 313 отбасы баспанаға мұқтаж. Олардың өтініштері кезегімен қаралады. Сонымен қатар Рудный қаласында – 37 отбасы, Қостанай ауданында 38 отбасы тұрғын үй алуға өтінім берген. Жұмыспен қамту үйлестіру басқармасының мәліметінше, Алтынсарин, Жангелдин, Қарасу, Науырзым, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарынан өтініш түскен жоқ.

Өңірде «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы жемісті жүзеге асып келеді. Бүгінде 2 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл мақсатта 112,7 млн теңге жұмсалды. 42 көпбалалы отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Тағы 14 отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар