Қостанай облысында 517 шақырым жол жөнделеді

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – 2020 жылы Қостанай облысының автожолдарын қалыпқа келтіруге 44,9 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралған болатын . Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтыламақ. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы толық жөнделсе, 4 мың шақырым жергілікті маңыздағы жол ретке келеді. Ал Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтың айтуынша, осы жылы жол инфрақұрылымы шеңберінде 281 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша – 18,5 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында – 20,3 млрд теңге, «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы мен жергілікті бюджеттен 6,1 млрд теңге қарастырылған.

«Барлығы 517 шақырым жол жөнделеді. Бұған 44,9 млрд теңге жұмсалады. Жол жөндеу нысандарын жауапкершілігіне алатын мердігер ұйымдар анықталды. Қазір 105 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бағдарлама аясында 4982 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 2491 адам алынды. Жөндеу жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін қала және аудан әкімдері мердігерлік ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізудің күнтізбелік кестелерін әзірледі», - дейді басқарма басшысы.

Өңірде көптен бері тұралап қалған «Қарабұтақ-Қостанай» тас жолын жөндеу жобасы жанданады. Мердігер ұйымдар Рудный қаласынан Денисов ауылына дейін жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Жолдың жалпы қашықтығы – 114 шақырым. Қазір аталған учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Жер төсемінің құрылымы, жол қабатының сапалы төселуі облыс әкімінің бақылауында болмақ.

Жоба аясында су өткізу құбырлары, жол айырығы, қызмет көрсететін павильондары бар демалыс алаңдары қарастырылған. Биыл жолдың Тобыл станциясы мен Рудный қаласы аралығындағы учаскелерде тиісті жұмыстар басталды. Жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 49 шақырымға тең. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар