Қостанай облысында 5000 отбасы әлеуметтік пакет алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмек 5 228 отбасыға 1,7 млрд теңге сомасында тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарға есеп беріп жатқан Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов көп балалы, аз қамтылған отбасыларды және халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдау бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

«2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңіне 1 жастан 3 жасқа дейінгі және 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылды. 2020 жылы 368 млн теңге сомасына 54 мыңнан астам кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді. 2021 жылы 5 мың адамды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге 347 млн теңге қарастырылған. «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыста 4 737 отбасы тиісті көмекпен қамтылды», – деді облыс әкімі.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдарды қоғамдық жұмыстарға орналастыру көзделген. Бұл ретте, қоғамдық жұмыстарға жіберу кезінде жалақы 1,5 ең төменгі деңгейге дейін көтеріліп, оған 2020 жылы 900 млн теңге бөлінді. 2020 жылы төтенше жағдай кезеңінде облыс бойынша 11 млрд теңге әлеуметтік көмек төленген. Сондай-ақ, шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты (2020 жылғы шілде-тамыз) табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем 74 мың азаматқа тағайындалды. Бұдан басқа, 2020 жылғы наурыздан тамызға дейін азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттары үшін азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтарды сатып алуға 803,9 млн теңге бөлініп, 38,4 мың азамат қамтылды.

«Пандемия кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың 7 санатына коммуналдық қызметтер шығындарын 15 мың теңге көлемінде өтеу бойынша жұмыс жүргізілді. Жұмыс қорытындысы бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге 863,7 млн.теңге сомасына 28 793 өтінімді қанағаттандырды», – деп түйді әкім.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Арқалық қаласын жылу берудің жаңа түріне көшіру жұмыстары аяқталғандығын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар