Қостанай облысында 5 миллионнан астам гектар алқапқа егін егіледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында 3 млн 487 мың гектарға бидай тұқымы себіледі. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен өткен агрокеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тобыл өңірінде егіс науқанына әзірлік барысы қыза түсті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, биыл барлығы 5 миллионнан астам гектар алқапқа егін егіледі. Айта кету керек, жылдан жылға бидай алқаптарының көлемі азайтылып келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы барлығы 3 млн 487 мың гектарға бидай тұқымы себіледі. Керісінше, арпа егілетін алқап 32 мың гектарға ұлғайған. Бұршақ тұқымдас дақылдар да 32 мың гектарға, қарақұмық алқабы 1,4 мың гектарға артты. Майлы дақылдардың көлемі 444,3 мың гектарға өскен. Бұл жер емген шаруалар үшін өте тиімді дейді мамандар. Өйткені, қазіргі нарықта бидай бағасынан гөрі майлы дақылдарға деген сұраныс зор. Оның үстіне олардың өзіндік құны екі-үш есе жоғары.

«Егін егуге Тобыл, Әйет, Желқуар өзендерінің айналасындағы алқаптардың мүмкіндігі зор. Бұл Қамысты, Жітіқара, Денисов, Таран, Қостанай, Меңдіқара аудандары мен Арқалық қаласы үшін өте маңызды. Мәселен, Қамысты ауданындағы Борис Князев басқаратын «Алтынсарин» ЖШС-ін алыңыз. Айдалада, сусыз жерде орналасқан шаруашылық қолдан қазылған қазандықтан су құбырын тарту арқылы жем-шөп өсіруге 250 гектар тамшылатып суаратын алқапты кәдеге жаратып отыр. Аудан, қала әкімдері осы мәселені жан-жақты зерттеп, жақын арада облыстық ауылшаруашылық басқармасына өз ұсыныстарын жіберуі тиіс. Өйткені, тамшылатып суару тәсілі біздің өңір үшін аса қажет технологиялардың бірі», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Диқандарды толғантқан ендігі бір мәселе - дән сіңіруге тиісті техникалардың істен шығып қалуы. Шаруалардың сөзінше, техникалардың көктемгі егіске әзірлігінің төмендігінен дән сіңіру жұмыстары кешеуілдеп қалады. Көптеген көліктердің тозығы жеткен, жиі бұзылады. Бүгінгі таңда облыста 24 мың трактордың жиырма мыңдайы немесе 83% көнерген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан, қала әкімдеріне қолда бар техникаларды көктемгі дала жұмыстары басталғанша әзірлеп, жыл сайын техника паркін кемінде 4-5% жаңалап отыру қажеттігін қадап тапсырды.

Белгілі болғандай, биыл егіс науқаны жұмыстарына 71 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 1 литрге шаққандағы құны 151,5 теңгеден айналады.

«Бұл үлкен жәрдем. Әйтпесе, бөлшек саудада жанар-жағармайдың бір литрі 167 теңге. Шаруашылықтар сұйық отын бағасын уақтылы төлеп, дер кезінде тасып алғаны жөн», дейді ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.

Жалпы, үстіміздегі жылы облыстың ауылшаруашылық саласын дамытуға мемлекет 27,3 млрд теңге субсидия бөлді. Оның 10,9 млрд теңгесі - өсімдік шаруашылығына, 5,3 млрд теңгесі - мал шаруашылығына, басқа мақсатқа 11,1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ауылшаруашылық мақсатына бөлінген барлық қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар