Қостанай облысында 4 млн гектарға жуық алқап орылды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында астық жинау маусымы аяқталуға жақын. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашлығы басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысының диқандары қамбаға 4 млн тоннадан астам астық құюды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінге дейін 3 млн 700 мың гектарға жуық алқап орылған. Әзірге бидай түсімі орта есеппен гектарына 10 центнерден келуде. Жекелей алғанда Жангелдин, Меңдіқара және Қостанай аудандарының көрсеткіштері жоғары. Бұл аудандарда орақ науқаны аяқталды.

«Шаруалардың жұмысына толассыз жауған жаңбыр айтарлықтай әсер етіп, астық жинаудың мерзімін кешеуілдетті. Осы жылы аймақты 4,1 млн гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Оның 84,8%-і – бидай, ал 640,5 мың гектар жерге майлы дақылдар сіңірілген. Астық алқаптарының шығымдылығы орташа есеппен әр гектарға бір тоннадан айналады. Бұл тұрғыда Сарыкөл ауданының диқандары көш бастап тұр, онда астықтың орташа өнімділігі 13 ц/га-ға жетті, олардан Ұзынкөл (12,5 ц/га) және Федоров (12,4 ц/га) аудандары біршама төмен. Биыл Қостанай облысы дақылдарды әртарап тандыру бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Облыстағы майлы дақыл көлемі өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Алқаптарды әртараптандыру шеңберінде өңірде соңғы 4 жыл ішінде майлы дақылдар алқабы 289,1 мың гектарға ұлғайған. Бүгінде облыстың егін алқаптарында 9 мыңнан астам комбайн толассыз жұмыс істеп жатыр», делінген басқарма ақпаратында.

Қостанай астығының негізгі қорын солтүстік аудандар береді. Бұл өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі – «Қарқын» агрофирмасы. Серіктестік басшысы Ерлан Бұқановтың сөзінше, бүгінге дейін шаруашылық астықтың жартысынан көбін жинап алған.

«Шілдеде басталған аптап ыстықтан астық тез жетілгенін байқауға болады. Сондықтан облыста орақ науқаны жылдағыдан ерте басталды. Бастапқыда науқанға қарқынды кіріскен едік, бірақ, бір апта бойы жауған жаңбыр кедергі болып, техника тоқтап қалды. Дегенмен қазір біраз жұмысты еңсердік», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар