Қостанай облысында 35 жастағы жігіт өзенге батып кетті

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысы құтқарушылары 35 жастағы ер адамның денесін судан алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Қарабалық ауданының Шадықсай ауылынан үш шақырым жерде болған. Құтқарушылар Үй өзенінен 35 жастағы ер адамның денесін алып шыққан.

«Дәл осы күні жергілікті ТЖ бөлімінің қызметкерлері ірі ауылшаруашылық кәсіпорнының мамандарының қатысуымен жиналыс өткізді. Отырысқа қатысушылар өрт қауіпсіздігі, су объектілері мен ормандағы қауіпсіздік мәселелерін қарастырды. Бірақ, мамандардың нұсқаулығына қарамастан ер адам отбасымен демалыста жүргенде шомылу кезінде батып кеткен. Оқиғаның мән-жайлары анықталады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», делінген ТЖД баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, оқиға орнына Қостанай облысы ТЖД жеке құрамының бес құтқарушысы, бір жүзу құралы мен техникасы, аудандық полиция бөлімінің төрт қызметкері жұмылдырылды.

Бұған дейін Қостанай облысында 25 жастағы ер адамның суға батып кеткені хабарланды.

Құтқарушылар тұрғындарды суға түскенде барынша сақ болуды ескертеді. Қатты ыстық күнде демалыс орындарына, орман, саябақ аймақтары мен жабдықталмаған жағажайларға бармауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар