Қостанай облысында 27 мың оқушы кезекші сыныптарында оқиды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 108,6 мың оқушы мектепке барады. Бұл туралы облыстық білім басқармасын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өңірдегі білім беру процесі бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы, облыс аумағында 490 мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына 108,6 мың оқушы барады деп күтілуде.

«Оқу процесі санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталған жағдайда жалғасады. Білім беру ұйымдарында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары және жалпы төтенше жағдай тіркелмеген. Мектептердегі оқыту екі ауысымда ұйымдастырылады. Ауысымдар арасында бір жарым сағат үзіліс беріледі. Әр сабақтан кейін нысан іші дезинфекцияланады. Мектептерде маска режимі енгізіледі. Жалпы 92,5 мың оқушы үшін оқу процесі қашықтан ұйымдастырылады. 27 мың оқушы кезекші сыныптарға бөлінеді», делінген басқарма ақпаратында.

Қазір 11 012 оқушы мен 176 педагогке компьютер берілді. Сондай-ақ облыстың барлық мектебі оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке (4 Мбит/с) қосылады. Оған бюджеттен 163,5 млн теңге бөлінді.

«Қашықтық форматқа қарамастан әрбір оқушы тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу материалдарын сатып алуға шамамен 1,2 млрд теңге (1180,4 млн теңге) бағытталған. Облыс мектептеріне оқулықтарды жеткізу 25 тамызға дейін аяқталады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Аймақтың білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйесімен жабдықтау аяқталды. Облыстық бюджеттен 187 млн теңге бағытталып, 460 мектепке камера орнатылды.


Соңғы жаңалықтар