Қостанай облысында 27,9 мың га жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қостанай облысында болды. Аймақтағы көшпелі кеңес қорытындысы бойынша 27,9 мың га жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Федоров ауданында – 7,1 мың га, Науырзым ауданында – 20,8 мың га қайтарылып, Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді көпшіліктің қолданысы үшін өтеусіз беру туралы меморандум жасалған.

«Біздің комиссияның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өтіп кеткен жайылымдарды қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Жыл басынан бері Қостанай облысында 60 мың га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Сонымен қатар, жалпы ауданы 45,4 мың га болатын 24 жер учаскесін қайтару мәселесі бүгінде сот өндірісінде. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы 267 мың га жерді мемлекет меншікке қайтаруға көмектесті», - дейді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.

Кейінгі бірнеше ай ішінде Комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жер комиссиясының құрамына Парламент Мәжілісіне «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов және тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Бақытжан Базарбек, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай тағы басқалар кіреді.

Айта кетсек, жер мәселелерін неғұрлым жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 қабылданады.


Соңғы жаңалықтар