Қостанай облысында 200-ден астам отбасыға азық-түлік себеті таратылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара аясында жергілікті кәсіпкерлер тұрмысы төмен 200-ден астам отбасыға азық-түлік себетін таратып берді. Әр себетке күріш, ұн, макарон, жарма, жұмыртқа, өсімдік майы, қант және жеке қорғаныш құралдары салынған. Олардың дені – жергілікті кәсіпорындарда шығарылған азық-түлік өнімдері.

«Акция әуелі Нұр-Сұлтанда басталып, кейін өзге аймақтарда жалғасты. Біразы ақшалай көмек көрсетіп жатыр. Ал жергілікті кәсіпорындар өздері шығаратын өнімдерімен бөлісті. Бұлардың бәрі ең бірінші кезекте қажет азық-түлік. Сондай-ақ, кейбір кәсіпорындар лимонад, йогурт, түрлі тәтті тағамдарын әкеліп тапсырып жатыр», - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба.

Шараға жеңіл өнеркәсіппен айналысатын ірі кәсіпорындар да атсалысты. Мәселен, жиналған азық-түлік қоры мен қорғаныш құралдары жұртқа таратылғанша «Большевичка» тігін фабрикасының қоймасында сақталады. Аталмыш фабрика акцияны ұйымдастырушыларға арнайы көлік бөліп, 2 мыңдай медициналық маска берген.


Соңғы жаңалықтар