Қостанай облысында 20 шақты автобус жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай қаласында бірнеше қоғамдық көлік жүргізушілері жолға шықпай қалды. Олар өңірдегі жолақы төлеудің жаңа тарифіне қарсылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қостанай қаласының тұрғындары бірнеше қоғамдық көліктің аялдамаларға келмегенін айтып, әлеуметтік желілерде хабар таратты. Бұл мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Касимов брифинг өткізді.

Оның айтуынша, әкімдік қоғамдық көліктерге валидатор орнатылып, 2021 жылдың 9 ақпанынан бастап автобустар жолақы қабылдаудың жаңа тәртібіне тегіс көшетінін мәлімдеген. Алайда, кейбір автобус жүргізушілері жолақы төлемінің жаңа жүйесіне наразылық білдірді. Жүргізушілер өздеріне лайықты еңбекақы тағайындап, жұмыс істемей қалған валидатор үшін жауапкершіліктен босатуды талап етеді.

«Әкімдік өкілдері кеше сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін кәсіпорындарға барып, жүргізушілермен кеңесті. Жыл басында валидаторлардың енгізілетінін айтып, келісімін алдық. Бірақ бүгін наразылық танытқан «Қостанайавтотранс» серіктестігіне тиесілі № 2, 7, 13 маршруттары жолға шықпай қалды. Жұмысқа шығудан бас тартқан 20-ға жуық автобустың барлығы осы серіктестікке тиесілі. Қалған тасымалдаушылар шарт талаптарын бұзған жоқ, кесте бойынша жұмысқа шықты. Әрине, жүргізушілердің бірқатар сұрағы бар, олар төлем жүйесін сынға алып отыр. Әкімдік тендерді ұтып алған заңды тұлғалармен жұмыс істейді. Келісімшартқа сәйкес, автобустар міндетті түрде жолға шығуы тиіс. Егер келеңсіз жағдай орын алатын болса, қолымызда конкурстық құжаттар мен жолаушылар тасымалы туралы келісімшарт бар. Мәселенің бәрін заң шеңберінде шешеміз», - дейді әкім орынбасары.

Белгілі болғандай, бүгіннен бастап Қостанай қаласында жолаушы тасымалдайтын № 22 қоғамдық көлік қызметін тоқтатты.


Соңғы жаңалықтар