Қостанай облысында 2 мың адам жұмыссыз жүр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жыл басынан бері 6333 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты, тағы 2 мыңнан астам адам еңбекке мұқтаж. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінде облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері облыста 9,7 мың адам жұмыспен қамту мекемелерінің көмегіне жүгінген. Олардың 91% - жұмысқа тұруға өтініш білдірушілер.

«2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өңірде сәтті жүзеге асып жатыр. Бағдарламаға қатысушылардың дені - әйелдер. Оның ішінде көпбалалы аналар да бар. Бүгінгі таңда 1617 адам қысқа мерзімді курстарда білім алуда. Олар курс аяқталысымен жұмысқа орналастырылатын болады», - деді Г.Әбенова.

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты - халықты тұрақты жұмысқа орналастыру. Жыл басынан бері 6333 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберілді. Мәселен, еңбекке тартылған 6 мың адамның 52,9% тұрақты жұмыспен қамтылды. Алайда, облыста 2006 адам жұмыссыз жүр. Олардың 339-ы көпбалалы отбасылар санатына жатады.

Сондай-ақ атап өтілгендей, «Еңбек» бағдарламасы бойынша биылға 7,2 млрд теңге бөлінген болса, жыл басынан бергі төрт айда оның 1,2 млрд теңгесі игерілді.

«Жұмыссыздықты азайту үшін өтініш білдірген жандарды қолдан келгенше тұрақты жұмысқа орналастырған жөн. Әсіресе, Арқалық қаласында, Жанкелдин, Наурызым, Таран аудандары тәрізді бірқатар өңірде бұған баса назар аудару керек», - деді ол.

Еңбек ресурстарын жетілдіру мақсатында еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдау квотасы 35,5%, оралмандарды қабылдау квотасы 86,8% орындалды. Қостанай облысына көшіп келушілердің 105-і жұмысқа орналастырылды. Үш адам қайта даярлау курстарынан және жеті адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып жатыр. 272 оралманның 188-і еңбекке араласса, 7 адам қайта даярлау курстарында дәріс алып жүр.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзге облыстардан көшіп келушілерді, оралмандарды еңбекке араластыру мәселесі аудандар мен қалаларда нақты көрініс табуы қажет деді. Бұл ретте, өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жаңалықтар