Қостанай облысында 1400 шақырым электр желісі жөнделеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2019-2020 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық мәселелері облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов өз баяндамасында өңірде кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар жылу беру маусымының соңына дейін жеткілікті көмірмен қамтамасыз етілгенін айтты.

«2018-2019 жылдардағы жылыту маусымы аяқталуға жақын. Ауаның орташа тәуліктік температурасы +10°С жеткенде (4.02-02-2004 СН нормаларына сәйкес) тұтынушыларды жылудан ажыратуға кірісеміз. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша өңірде барлық саладағы кәсіпорындар, әлеуметтік сала объектілері тұрақты жұмыс істеді. Бұған жылыту маусымына дайындық кезеңіндегі ауқымды жұмыс жүргізу ықпал етті. Жоспарланған 485,5 мың тонна көмір тиісті нысандарға жеткізілді. Бұл тұрғыда мәселе болған жоқ», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Оның сөзінше, Қостанай облысында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары негізінде облыс әкімдігі «Қостанай облысының өндірістік және әлеуметтік кешенін 2019-2020 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындау туралы» қаулы әзірледі.

«Алдағы жылыту маусымына 105 қазандық, 736 автономды жылыту жүйесі, 2645 жылыту пештерін дайындау қажет. Сонымен қатар 734 білім беру, 488 денсаулық сақтау, 701 әлеуметтік нысандарда жылудың берілуі қамтамасыз етіледі. 88,1 шақырым сумен жабдықтау, 18,5 шақырым жылу және 1442 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған. Алдағы жылыту маусымына дайындық басталды. Барлығы 487,1 мың тонна көмір дайындауды жоспарлаймыз. Атап айтқанда, коммуналдық кәсіпорындар үшін - 55,3 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға - 104,3 мың тонна және тұрғындарға 327,5 мың тонна көмір жеткізіледі», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов алдағы жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды.

«Бүгіннен бастап 2019-2020 жылыту маусымына арналған арнайы штаб құрылады. Әр айда бір рет кездесіп, жылу нысандарының жай-күйі туралы есеп беріп отырасыздар. Биылғы қыс қатты болған жоқ, едәуір отын үнемдедік. Алдағыны болжау қиын. Сондықтан, бөлінген қаражатты ретімен жұмсаңыздар. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспесін», - деп тапсырма берді Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне.

Соңғы жаңалықтар