Қостанай облысы: Жеңгетайлықпен айналысты деген күдікпен депутат ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудный қаласы мәслихатының депутатына қатысты «Жеңгетайлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Рудный қаласында 3 жеңгетайлық фактісі тіркелген. Жақында жеңгетайлықпен айналысып жүрген 25 жастағы рудныйлық Юлия Каралашқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл ақпаратты Қостанай облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінде растады.

«Соколов-Сарыбай» кен өндіру басқармасы» АҚ Техникалық даму және технологиялар департаментінде қызмет ететін Юлия Каралаштың есімі облысқа жақсы таныс. Ол бірнеше республикалық мәдени байқаулардың жүлдегері болған.

Күдіктіні облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Осы факті бойынша ҚР ҚК 309-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, халық қалаулысы 9 қыркүйек күні 29 жастағы Рудный қаласының тұрғынына 24 жастағы қызды 60 мың теңгеге ұсынған. Қыздың жезөкшелікпен айналысуына «жағдай жасаған» депутаттың қылмысы дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Соколов-Сарыбай» кен өндіру басқармасы» АҚ БАҚ-пен байланыс жөніндегі маман Наталья Ермаченко істің анық-қанығын білмейтінін айтты. Оның қосымша табыс көзі бар болып шықты. Ю.Каралаш - танымал Karalash Fashion Company интернет-дүкенінің иесі. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін «ССКӨБ» АҚ Техникалық даму және технологиялар департаментінде қызмет атқарып келген. Мәслихатта ол әлеуметтік саясат және экология мәселелеріне жауап беретін.

Бүгінде күдікті Юлия Каралаштың депутат мандатынан айырылып, «Нұр Отан» партиясының мүшелігінен шығарылғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар