Қостанай облысы жатақхана мәселесін қалай шешпек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімдігінде өткен жиында «Жастар жылындағы» атқарылған істер талқыланды, деп хабарлайдыв ҚазАқпарат.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың міндетін атқарушы Саят Шаймұрыновтың айтуынша, жыл басында Жастар жылының аймақтық Жол картасы бекітілді. Соған байланысты өңірдің жастар саясатын қаржыландыру 40%-ға ұлғайды.

«Жастар жылының маңызды бастамасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумы болды. Оған екі елдің облыстарынан 1000-нан астам жас қатысушы келді. Делегация өкілдері еріктілер саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды. Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады, бұл жас азаматтарға жобаларын іске асыруға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері 237 мыңнан астам адамды қамтитын 2 042 іс-шара өткізілді», - деді С.Шаймұрынов.

Өңірде 21 мыңнан астам жас 8 жоғары оқу орнында білім алады. Осыған байланысты 4 мыңнан астам студенттің жатақханаға мұқтаждығы байқалады.

«Осы мәселені шешу үшін «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» аясында Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ жатақханасының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 575,9 млн теңге. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2020 жылдың көктемінде аяқтау жоспарлануда. Жақын арада тағы да 4 жатақхана салу жоспарланған. Сол арқылы аймақтағы жатақхана мәселесі толығымен шешілуі тиіс», - деп мәлімет берді басқарма басшысы міндетін атқарушы.

Басқарма ақпаратына сүйенсек, осы жылы 618 жас маман «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа пәтерге қоныстанды. Олардың дені жас дәрігерлер.

Айта кетейік, бүгін Қостанай облысының әкімдігінде өткен селекторлық жиында киелі нысандардың қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша жасалған Жол картасының орындалу барысы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар