Қостанай облысы медицина және педагогика мамандықтарына білім грантын көбейтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімдігі жыл сайын жергілікті бюджет есебінен бөлінетін білім грантын көбейтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру туралы баспасөз мәслихатында хабарлады.

"Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен жоғарғы және жоғарыдан кейінгі білімі бар мамандар даярлау үшін қаражат бөлінеді. Өткен жылы техникалық, технологиялық және педагогикалық мамандықтарға 41 грант бөлінсе, биыл 200 грант қарастырып отырмыз. Ондағы 100 грантты медицина мамандығына бөлеміз, себебі біздің өңірде медицина мамандары жетіспейді. 60 грантты педагогика саласына береміз және 40 грант - ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінеді", - деп түсіндірді өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкім Қостанай өңірінде медициналық ЖОО болмағандықтан, болашақ дәрігерлерді Астана мен Қарағандыдағы оқу орындарынан іздестіргенін айтты.

"Жақында ғана Қарағандыдағы интерн-студенттермен келісімшарт жасастық. Олар 2 жыл біздің грантпен білім алады да, 5 жыл Қостанай өңірінде жұмыс істеуге міндеттеледі. Жалпы қазіргі уақытта Қостанай өңіріне, әсіресе Торғай жаққа 250 медицина маманы қажет. Сондықтан, грант санын жыл сайын көбейте бермекпіз", - деп өз сөзін түйіндеді әкім.

Соңғы жаңалықтар