Қостанай облысы аумағына зымыран қалдықтары құлады
Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Бидашевтің сөзінше, зымыран қалдықтарынан қауіп жоқ. Бұл халықаралық OneWeb бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр.
«Зымыран сынықтары аудан аумағына 7 ақпан күні құлады. Бұл арнайы келісім бойынша жасалып отыр. Тұрғындарға ескертілді. Химикаттар немесе сұйықтықтар жерге төгілген жоқ. 10 ақпанда сынықтар утилизациялауға алынды», - деді Дінмұхамед Бидашев.
Айта кетейік, былтыр осы мәселеге қатысты Жангелдин ауданында жиын өткен-ді. Мемлекет шешімі бойынша Шөптікөл елді мекені маңынан Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілді. Қалдықтар белгіленген жылдар ішінде 8 рет құлайды. Сондай-ақ, аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылады. Ал қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады.