Қостанай облысы әкімінің екі орынбасары қысқартылды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы әкімінің орынбасары, атап айтқанда көлік инфрақұрылымы, құрылыс, сәулет және табиғи ресурстар салаларына жетекшілік еткен Виктор Ионенко қызметінен кетті. Ал, тағы бір облыс әкімі орынбасарының орны мамыр айынан бері бос тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ионенко Виктор Николаевич және облыс әкімінің тағы бір орынбасарының бос лауазымы қысқартылды. Олардың лауазымдық міндеттері облыс әкімінің қазіргі орынбасарларына бөлініп жүктеледі», - деп түсіндірді аймақ басшысының баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Қостанай облысы әкімінің бес орынбасары болған. Оның ішінде қысқартылған Виктор Ионенко мен мамыр айында ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне ауысқан Бақыт Есімова да бар.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, орынбасарлары Ерлан Спанов пен Арман Әбенов қызметтерінде қалды.



Соңғы жаңалықтар