Қостанай облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова көліктік бақылау саласындағы жемқорлық тәуекелдер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша бейім салалардың бірі көліктік бақылау болып отыр. 2019 жылы көліктік бақылау инспекциясының 14 қызметкері сотталды. Күні кеше ғана Қостанай облыстық инспекциясының басшысы ұсталды. Ол жүк көлік құралдарының жүріп өткені үшін жүйелі түрде пара алу күдігіне ілікті», - деді департамент басшысы агенттікте өткен селекторлық кеңесте.

Оның атап өтуінше, мұндай фактілер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан батыл шараларды қолға алуы қажеттігіне дәлел бола алады.

«Схема ескі. Ол – білікке рұқсат етілген жүктемені асырып, еңбек пен демалыс режімін сақтамаған жүргізушілерді бекеттен кедергісіз өткізгені үшін пара алу. Соның салдарынан жолдар бұзылып, Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы көлік дәлізі ретіндегі тартымдылығы құлдырайды», - деді ол.

Анар Жарованың айтуынша, бақылау инспекциясының арнайы мониторинг тобы 47 тексеру жүргізіп, көліктердің артық жүк тиеуінің 225 фактісін анықтаған. Олардың әрқайсысы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.


Соңғы жаңалықтар