Қостанай колледждері оқуға қабылдау кезінде «басы артық» құжаттар сұратқан

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында колледждер мемлекеттік қызметтер стандарты бойынша қарастырылмаған құжаттарды сұратқан. Бұл құжаттар техникалық және кәсіби білім ұйымдарына қабылдау кезінде талап етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқық бұзушылықты мониторинг барысында қоғам белсенділері анықтаған. Қорытынды облыстың мемлекеттік қызмет істері департаментінің жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы кезінде жарияланды.

13 колледжде стандартпен бекітілген құжаттар тізіміне қарамастан, білім мекемелерінің қызметкерлері стандарт бойынша қарастырылмаған басқа да құжаттарды талап еткен.

«Мысалы, Қостанай қызмет көрсету саласы колледжі стандарттық құжаттардан бөлек, ата-аналардың төлқұжатының көшірмесін және мектептен мінездеме сұратқан, Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжі талапкердің төлқұжаты немесе туу туралы куәлігінің көшірмесін, 6 дана 3х4 сурет, флюрография суретін талап еткен», - деді ведомстводан. – Ал Қостанай жоғары экономикалық колледжі 086/у формасындағы медициналық анықтама сұратқан, алайда қазіргі кезде оның атауы – 075/у».

Қоғамдық мониторингтен тек үш колледж ғана сәтті өтті – Қостанай гуманитралық колледжі, Қостанай құрылыс колледжі және Жітіқара политехникалық колледжі.

Жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша облыстың мемлекеттік қызмет істері департаменті білім ұйымдарына ұсыныстар жіберді.


Соңғы жаңалықтар