Қостанай қаласының цифрлық картасы таныстырылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін облыс әкімдігінде цифрландыру жобаларын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов төрағалық еткен жиында «Ақылды қалалар» жобалары бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов облыс орталығындағы ауқымды жобалармен таныстырды. Оның айтуынша, 2017 жылы қолға алынған «Smart City» тұжырымдамасы әр салада пайдаланылды. Бұдан әрі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 5 басым саласы анықталды. Сондықтан Қостанай қаласы да қауіпсіздік, ТКШ, білім беру, денсаулық сақтау, көлік салаларына екпін түсірді.

«Қаланың инженерлік инфрақұрылымының ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат беретін «Цифрлық талдамалық карта» жасалды. Жұмыс биыл анықталады. Картада Қостанай қаласының көшелері мен жолдары, коммуналдық желілер және әлеуметтік нысандар көрсетіледі. Тұрғындар ақау шыққан құбырлар немесе энергетика мәселелері туралы хабардар болады. Толық мәлімет «SmartQostanai» қосымшасында жарияланған. Аталған жобаның құны 50 млн теңге, қазір оның 13 млн теңгесі толық игерілді», - дейді Қостанай әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы қоғамдық көліктерге электрондық билет енгізу, көшедегі жарықшамдарды басқаруды цифрландыру, коммуналдық желілерді автоматтандыру, қалалық бейнебақылау жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кеңес қорытындысында Архимед Мұхамбетов «Smart City» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

«Жоғары индикаторларға қол жеткізу бойынша 110 цифрлық бастама бекітілген. Білім беру, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мысалы, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесіп, қалада «әлеуметтік ID карта» жобасын іске қосу жұмыстары басталды», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар