Қостанай қаласының айналасында 7 блокбекет орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Каркенов бүгін сағат түнгі оннан бастап қалада үш блокбекет жұмысын бастайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстағы блокбекеттер туралы айта кетсем деймін. Қостанай қаласының периметрі бойынша қазіргі таңда 7 блокбекет қойылады. Оның үшеуі орнатылып қойды. Жұмысқа дайын. Қалған төртеуін Қостанай ауданы орнатады. Бірінші блокбекет Қостанайдан шыға берістегі Веден тас жолында, яғни теміржол өткелінен 300 метр жерге қойылады. Екіншісі – Рудный қаласына бұрылатын жолдан 300 метр қашықтықтағы Қонай кентінде. Үшінші блок-бекет РФ бағытындағы Федоровск тас жолында», - деді Рүстем Каркенов Аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Қостанай қаласы әкімінің орынбасары тағы төрт блокбекет қайда орнатылатынын айтып өтті.

«Қостанай ауданы мынадай мекенжай бойынша блок-бекет орнатады: Қостанай-Чуковка тасжолы, Қостанай-Сарыкөл тасжолы, Қостанай-Меңдіқара тасжолы, Қостанай-Әулиекөл тасжолы. Бұл блокбекеттердің бәрі де қала шетінде тұратын азаматтардың жағдайын ескере отырып, орнатылып отыр. Яғни Тұғыл, Заречное, Мичурин кенттерінде тұратын азаматтардың көбі қалаға барып-қайтып жүр. Бүгін 22.00-ден бастап тәулік бойы барлық санитарлық бекеттер жұмысын бастайды», - деді ол.

Блокбекеттерде 2 медқызметкер мен 4 полиция қызметкері болады. Алдағы уақытта полиция қызметкерлерін әскери қызметшілер алмастырады.


Соңғы жаңалықтар