Қостанай қаласында автобуста жолақы қымбаттайды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда жыл соңына дейін барлық автобусқа валидатор орнатылады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық көліктегі жол жүру төлемін электронды форматқа ауыстыру жобасы көптен бері айтылып келген-ді. Әуелі валидаторлар әр автобусқа 2019 жылдың соңына қарай орнатылады деп жоспарланған. Алайда ол кезде демеуші табылмады . 2020 жылдың көктемінде жұмысты алматылық компания аяқтауға тиіс болған. Бірақ компания қала әкімдігімен келісімге келе алмады.

«Бұл - көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе еді. Қазір қала әкімдігі, «Alempay» ЖШС және тасымалдаушылар арасында үшжақты келісімшарт жасалып жатыр. Барлық жұмысты аяқтап, валидаторды осы жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Валидаторлар енгеннен бастап электронды билет бағасы қымбаттайды. Өйткені, жаңа жүйені орнату көп шығынды қажет етеді. Сондықтан жол жүру тарифін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды», - дейді Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.

Жол құнын электронды түрде төлейтіндер үшін баға - 80 теңге болса, қолма-қол төлем бағасы – 150 теңге. Қалалық ТКШ мамандарының айтуынша, тариф әлі де өзгеруі мүмкін, әзірге талқылау жұмыстары жүріп жатыр.

Қостанай қаласында Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде «Ақылды жарықтандыру» жобасы енгізіледі. Көшелерді жарықтандыруға 513 млн теңге бөлінген. Бұған қоса облыс орталығындағы демалыс саябақтарында тегін Wi-Fi пайда болады.

Атап айтқанда, Орталық скверде, Жастар бульварында, Гашек көшесі бойындағы жағалауда, Жеңіс паркінде ақысыз интернетке кіру мүмкіндігі ашылады.


Соңғы жаңалықтар