Қостанай еті АҚШ-қа экспортталмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының инвестициялық әлеуетімен танысу үшін АҚШ кәсіпкерлері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысына АҚШ-тан 18 делегат келді. Меймандар сапарының мақсаты - Тобыл өңірінің Агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысу. Делегация құрамында Tyson Fresh Meat Inc., Global Beef Investors, ANIMART Dairy & Livestock Solutions, VALLEY, VALMONT Irrigation, 3rd Millennium Genetics LLC сынды белгілі әлемдік компаниялардың жетекшілері мен акционерлері және қазақстандық кәсіпкер, KUSTO GROUP Директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев бар.   Айта кетейік, Tyson Fresh Meat Inc - сиыр және шошқа етін жеткізуші әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі.

Жұмыс сапарының бағдарламасы бойынша делегаттар өңірдің көптеген әлеуетті нысанын аралайды. Қонақтар бүгіннің өзінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін және азық-түлік өнімдерін өндіретін бірқатар кәсіпорында болып үлгерді. Атап айтқанда, олар «МИЛХ», «Садчиковский», «Қарасу-Ет» сынды серіктестіктердің жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта делегациямен кездесу өткізді. Ол жерде меймандарға облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірдің АӨК дамытудың басым бағыттары мен инвестжобаларды іске асыруға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәлімделді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу тұрғысында кең мағлұмат берілді. Инвесторлар өңірдің үлкен әлеуетке ие екеніне көз жеткізгендерін айтты. Оған қоса, барлық жағдай, бай ресурс, шикізаттық база және мемлекет тарапынан толық қолдаудың барына оң баға берді.  Жалпы, делегация тек ет саласында ғана емес, өсімдік дақылдарын өсіруде, сүт өнімдерін өндіруде және т.б. жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырады.

10 қарашада олар облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, сапар қорытындысы ретінде өзара әріптестікті талқыға салады. Екі тарап келіссе, Қостанай шаруаларының еті АҚШ-қа тасымалданады.

null

null  

Соңғы жаңалықтар