Қостанай астығының дені Өзбекстанға экспортталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 2,1 млн тонна астық экспортқа шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚТЖ» - Жүк тасымалы»  АҚ  Қостанай бөлімшесінің директоры Берік Қайдаровқа сілтеме жасап.

Қостанай облысының шаруалары экспортқа шығатын бидайды контейнерлермен көбірек тасымалдайды. Жыл басынан бері Зааятск, Қостанай, Есіл бекеттері арқылы 7 мың тоннадан астам астық жөнелтілген. «ҚТЖ» -Жүк тасымалы»  АҚ  Қостанай бөлімшесінің директоры Берік Қайдаровтың айтуынша, контейнермен өнім тасымалдау - діттеген жерге шұғыл түрде жеткізудің ең тиімді тәсілі.

«Тоғыз айдың ішінде 980 мың тонна қайта өңделген ұн тасымалданған. Оның 812 мың тоннасы - экспорт. Бүгінде 2,8 млн тонна астық вагондарға тиелді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 51%-ға артық. Мұның 2,1 млн тоннасы экспорттың еншісінде. Есіл және Тобыл тәрізді ірі теміржол бекеттері арқылы күніне жүздеген вагон жан-жаққа аттанып жатыр. Тоғыз айдың ішінде 200 вагоннан астам астық сыртқа шығарылды. Оның 119-ы өз еліміздің ішінде, 48-і Өзбекстанға, 21-і Орталық Азия елдеріне, 6-ы Ресей мен Әзірбайжанға, екеуі Грузияға жеткізілді», - дейді Берік Қайдаров.

Бұған дейін қостанайлық астықтың алғаш рет Африкаға жөнелтілгенін хабарлағанбыз. 

 Қазір Ауғанстан, Иран және Ирак мемлекеттеріне астық өнімдерін баламалы әдіспен тасымалдау жолдары қарастырылып жатыр. Өнім алдымен Қазақстандағы «Болашақ» өткізу бекетінен Түркіменстан арқылы, одан Имамназар, Акина, Серхетабад және Сарахс бекеттеріне тасымаланады.

«Жүк тасымалдауға қажетті вагондар жеткілікті. Оның үстіне жаңа вагондарымыз бар. Ендеше, тасымал мәселесінде ешқандай кедергі туындамайды. Жыл соңына дейін тағы 400 мың тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл әуелі тұтынушыларға әлеуметтік маңызы бар жүктерді дәл уақытында, жеткілікті көлемде жеткізуге септігін тигізеді»,-дейді филиал директоры.

Берік Қайдаров қостанайлықтар көмірден қысылмайды деп отыр. Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен тұрғындар қатты отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілді.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңірге 160 мың тонна көмір әкелінді. Оның сыртында тұтынушылар 300 мың тонна қатты отынға қол жеткізді. Мәселен, Рудныйдағы жылу-энергетикалық орталықтың қоймасында әдеттегі мөлшерден 2-3 есе артық көмір қоры сақтаулы.

Соңғы жаңалықтар