Қостанай әкімдігі мерекелік шараларға бөлінетін қаржыны қысқартуды ұсынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды өңірлік деңгейде іске асырудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде Қостанай облысында 854 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны - 602. 2018 жылы тіркеудегі 1001 ұйымның 609-ы іс жүзінде болған еді. Бұл көрсеткіштің азаюы ҮЕҰ бөлінетін қаржыны үнемдеуге сеп болды.

«Биылдан бастап әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылады. Бұл жұмыстың тиімділігін арттырады. ҮЕҰ өкілдері бастаған шаруаны толығымен аяқтауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінетін қаражат мерекелік іс-шараларды өткізуге емес, қоғамдық маңызы бар жобаларға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталсын. Осыны ескеру қажет», - деп тапсырды облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев ҮЕҰ басшыларына.

Жалпы, 2019 жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 285 жоба жүзеге асырылмақ. 164 жоба бойынша келісімдер жасалды. 19 жобаға әлі күнге дейін байқау жарияланбады. Соның 8-і білім басқармасына тиесілі. Халық арасындағы осындай ынталы топтардың жобасын іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінеді. Биыл 473 млн теңге қарастырылды. Қаржыландыру көлемі жыл сайын тек артып келеді. Ендігі мақсат - жобалардың сапасына басымдық беру. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев осындай тапсырма жүктеді.

Мұндай ұсынысты Арқалық қаласындағы қоғамдық бірлестіктер толығымен құптайды. Себебі, жұмыс тиімділігі артады. Қаражат ысырап болмайды.

«Оңтүстік аймақтарда 51 үкіметтік емес ұйым бар, оның 31-і ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде 8 жоба үздік деп танылып, қаржымен қамтылды. Жыл басынан бері ауылдық ресурстық орталығының қызметін ұйымдастырдық», - деді «Іскер жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дархан Кикимов.

ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша, осы саладағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар