Қосшыдағы су мәселесі: Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, сапар барысында аймақ басшысы Қосшы ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Ақмола облысы әкімдігі мен ҚР Үкіметі бірлесіп жұмыс алгоритмін жасады.

Белгілі болғандай, сәуірдің 7-де еріген қар суының көбеюі және Қарағанды облысындағы су қоймасынан су ағызу салдарынан Нұра өзені арнасынан асып Қосшы ауылы аумағындағы насос стансасының 5 жаңа ұңғымасы судың астында қалды. Лай судан насос стансасының су қабылдағыш сеткасы істен шықты.

Жалпы күнделікті қажеттілік 4300 текше метрден демалыс күндері 4800 текше метрге дейін жетсе, қазір су баспаған алты ұңғымадан бар-жоғы 3360 текше метр су алынады. Бұл қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмайды.

Көппәтерлі тұрғын үйлердегі судың қысымын арттыру үшін жеке секторлардағы үйлерді орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінен ажырату туралы шешім шығарылды. Өйткені, жеке сектордағы кейбір тұрғын үйлердің аулаларында жер асты құдықтары бар.

Тұрғындардың өтініші бойынша сәуірдің 10-нан бастап кесте бойынша таңғы сағат 04:00-ден бастап 09:00-ға дейін, кешкі сағат 17:00-ден бастап түнгі 23:00-ге дейін су берілуде.

Бұдан бөлек, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Лесная поляна», «Орион», «Алтын Дала», «Интернациональная», «Академия» шағынаудандарына су жеткізу үшін 11 сутасығыш көлік бөлінді.

Еріктілер мен жастар ресурстық орталығының мамандары жоғары қабатта тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға су жеткізіп беруде. Білім беру және денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қазіргі кезде, сол маңдағы аумақтарда су стансасының қосымша ұңғымасын ашу үшін бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Дәл бүгінгі күні аудандық коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың күштерімен 4 ұңғыма қазылды. Су басқан ұңғымалар 7-10 күннің ішінде қалпына келтіріледі.

Сапарын қорытындылаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеевке қысқа мерзімнің ішінде тұрғындарға тұрақты су беруді қалпына келтіруді тапсырды.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Қосшыда ауыз су мәселесі 3-4 күнде шешілетіндігі туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар