Қосшыдағы көлік кептелісі: Әкімдік түсініктеме берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қосшыда болған ұзын-сонар кептеліске қатысты Целиноград әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қосшы ауылына кіре берісте Республика көшесінен бұрыла берген тұста тұрған бағдаршам істемей қалған. Ол бағдаршамға Нұр-Сұлтан қалалық қызметі(...) жауапты. Біз «І-Komek» қызметіне қоңырау шалып, бағдаршамды жөндеу керектігі туралы өтініш қалдырдық. Олар бізге қайтадан хабарласып, мәселенің шешілгенін хабардар етті. Білуімше, факт бойынша істің қосымша мән-жайы анықталып жатыр», - деді Ақмола облысы Целиноград ауданы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Жұмағұлов ҚазАқпарат тілшісіне.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жағдай реттелуде.

«Ол жерде таңертең жол-көлік оқиғасы болған. Алайда ол жолды жауып тастайтындай ауқымдағы көлік апаты емес. Ол көліктер жол шетінде тұрған. Дәл қазіргі уақытта бағдаршамның түсін реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жуық арада қосымша тағы хабарлаймыз», - дейді А.Жұмағұлов.

Айта кетсек, бұған дейін Қосшы ауылына кіреберістегі бағдаршамның істемей қалғаны және ұзын-сонар көлік кептелісі туралы әлеуметтік желіде жазылған еді.

Соңғы жаңалықтар