Қосшыда жалға алған үйінде есірткі өсіріп келген Ресей азаматы ұсталды
2022 жылғы 16 мамыр 19:05

Қосшыда жалға алған үйінде есірткі өсіріп келген Ресей азаматы ұсталды

ҚОСШЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Қосшы қаласында «есірткі өндірісін» ашқан шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосшы қалалық полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Лесная поляна» тұрғын үй массивінің аумағында 31 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.

Ер адамнан темекі шегуге арналған қолдан жасалған құралдар және өсімдік тектес зат, ерекше иісі бар 100-ге жуық сіріңке қорабы тәркіленді. Алынған зат марихуана екені анықталды.

«Полиция қызметкерлері табылған есірткіні сату жолын анықтау мақсатында Қосшы қаласында жүргізген арнайы операция барысында Ресей Федерациясының 39 жастағы азаматын ұстады. Шетелдік жалдап тұрған үйден кептірілген белгілі бір иісі бар сұр-жасыл өсімдік тектес зат, сондай-ақ, салмағы 19 кг болатын өсімдіктің 35 бұтасы тәркіленді. Сонымен бірге, есірткі өсіруге және өндіруге арналған әртүрлі құрылғылар, соның ішінде күн сәулесін модельдеуге арналған арнайы шамдар, топыраққа арналған тыңайтқыш және температура сенсорлары табылды», - деді ведомстводан.

Ер адам 2011 жылдың тамыз айынан бастап Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 111-бабы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген.

«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Айыпталушы қамауға алынды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, Ақмола облысында 13 жасар қызды зорлаған күдікті 20 жылға сотталды.


Jańalyqtar

MURAǴAT